Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

«Даму» қоры Қызылорда облысының кәсіпкерлерін қаржыландыруды бастады

«Даму» қоры Қызылорда облысының кәсіпкерлерін қаржыландыруды бастады

«Даму» қоры мен Қызылорда облыстық әкімшілігі өңірдің шағын және орта кәсіпкерлерін мақсатты түрде қаржыландыруды бастады.Бұл жайында «Байқоңыр Инвест» VII Инвестициялық форумында «Даму» Қорының басқарма төрағасы Қаныш Тулеушин мәлімдеді, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.

«Қызылорда облыстық әкімшілігі мен «Даму» Қоры өңірдің шағын және орта кәсіпкерлігіне 1,5 млрд теңге бөледі. Осы дүйсенбіден бастап кәсіпкерлер аймақтағы екінші деңгейлі банктерге барып, бизнес үшін несие алуына болады. Бұл несиенің сыйақы мөлшерлемесі жылына 8-ақ пайыз болатынын да айта кету керек. Қазір бизнесті несиелеу нарығында мұндай оңтайлы жағдай еш жерде жоқ. Несие негізгі жабдықтарды жаңғыртып, жаңасын алу үшін 5 жылға дейін, айналымдағы қаражатты толықтыру үшін 3 жылға, 20 млн теңгеге дейін беріледі. Аталған бағдарлама аясында қаражат алған кәсіпкерлер банк алдында кепілзаты жетпеген жағдайда Қордың кепілдемесін де пайдалана алады»,- деді қор басшысы.

Айта кетейік, «Даму» қоры 2016 жылы өңірлерді нысанды қаржыландыру бағдарламасына 24 млрд теңге бөлді. Қаражат екінші деңгейлі банктер арқылы «Даму» қоры мен облыс әкімшіліктерімен бірлесіп бөлінеді.

Қызылорда облысында 2010 жылдан бері индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына енген 559 жоба пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиеге кепілдеме беру немесе жеңілдікпен несиелеу секілді «Даму» қорының қолдауларын пайдалана алды. Жалпы құны 41,4 млрд теңгені құрады. Сала бойынша құны 5,3 млрд теңге болатын көлік-логистика саласындағы 115 жоба, 4 млрд теңге болатын тамақ өнеркәсібі саласындағы 101 жоба бар. 2 млрд теңгеге 46 қонақ үй, 1,3 млрд теңгеге құрылыс материалдарын шығаратын 44 зауыт салынды.

Түйін сөздер: «Даму» қоры
Дереккөз:
Қарап шыққандар саны:
4713
(Нет голосов)
Мәтінде қате табылған жағдайда, оны бөліп көрсетіңіз де «Ctrl + Enter» басыңыз