Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Тіс дәрігері жеке стоматологиялық кабинетін ашты


Биыл 29 жастағы шығысқазақстандық біліп-түйгенін жеке кәсібінде кәдеге жаратуды жөн санаған. Тек қалтадағы қаражаты қат еді. Дамир «Даму» Қорының бағдарламаларынан қапы қалмауды ұйғарды. Оның үміті ақталды. Діттеген мақсатқа қолы жетті.
-    Өз ісін ашуға талпынған жастарға «Даму» Қоры сенім артып, мүмкіндік сыйлайды. Тиімді бағдарламалар талай адамның үміт отын жаққаны айқын. Маған білікті мамандар бизнес-жоспарды түзуге қолғабыс етті. Олар кәсіпті дөңгелетудің қыр-сырымен бөлісіп, кеңестерін аямады. Мен «Damu Start Up» бағдарламасы бойынша ЦентрКредит банкінен 20 миллион теңге көлемінде несие алдым. Оған «Дамудың» кепілдігі арқылы қолым жетті. Сонымен қатар пайыздық мөлшерлеменің 7% Қордың тарапынан демеуқаржыландырылады, - деп өзінің әңгімесін «Дос» ЖК жетекшісі Дамир Талғат бастады.
Жас кәсіпкер көп қабатты үйдің бірінші қабатындағы 68 шаршы метр аумақты сатып алған. Оны жөндеу жұмыстары жүргізілді, қажетті құрылғылар орнатылды. Талапқа сай жабдықталған стоматология Өскемен қаласында 2017 жылдың мамыр айында ашылды. Бағасы қолжетімді. Тісті емдеу және пломба салу 6 мың теңгеден басталады.
-    Жеке кәсіпке бел буғаныма қуанамын. Бұрын тек жалақыға қарап, күн санауға мәжбүр едім. Енді түскен кірісті стоматологияны кеңейтуге жұмсауды жоспарлап отырмын. Тағы бір тіс емдеу орталығын ашу ойымда бар, - дейді өскемендік тіс дәрігері.
Стоматология келушілер үшін таңғы сағат 9.00-дан кешкі 21.00-ге дейін ашық. Орташа алғанда күніне 20-25 адам ем іздеп келеді. Оларға 4 тіс дәрігері қызмет көрсетеді. Ұжымда тіс технигі, мейірбике және санитар маман бар.
-    Мен де емделушілерді қабылдаймын. Тек жексенбі күндері ғана демаламын. Тісті протездеудің қыр-сырына қанықпын. Енді имплантты салудың қағидаларын меңгеруге бекініп отырмын. Шетелге барып, тәжірибе алмасу ойымда бар. Жоспар көп. Ауыз қуысы ауруларын емдеу үшін өзіңді әрдайым жетілдіру қажет. Адамдарға көмектесіп, олардың алғысына бөленсең, жаның рақаттанады. Бұл мені жаңа жетістіктерге, дамуға жетелейді, - деп түйді жас кәсіпкер.
Тіс салу да өнер. Бүгінде өскемен қаласында жеке стоматологиялар шаш етектен. Десек те бәсекелестікке шыдас берген Дамир әрбір адамның көңіліне қарап, тіс ауруларын сапалы емдеуге басымдық береді. Бұл табыстың басты кілтіне айналып отыр.


Назад