Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Отандық табиғи черепица Шымкентте шығарылады


Олардың бірі – 28 жастағы Хасан Қалымбетов. 2013 жылы оңтүстікқазақстандық тұрғын жеке кәсіппен айналысуды ұйғарған. Оның негіздері мен қағидаларын жете меңгеруге «Даму» қоры қол ұшын созды.
Жалынды жас «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша білім көкжиегін кеңейтті. Теориямен қаруланған Хасан мамандардың көмегімен көкейінде тұнған ойына жан бітіруге кірісті. Стартап-жобаларға екінші деңгейлік банктер күмәнмен қарайтыны белгілі. Қатаң талаптардың үдесінен шығуға «Даму» Қорының кепілдігі септігін тигізді. Оның арқасында жас кәсіпкер 10 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеді. Жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 14%. Оның тең жартысын «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша мемлекет өз мойнына алды.
Бүгінде Шымкент қаласында зауыт бой көтеріп, табиғи черепицаның өндірісі оң жолға қойылды. Кәсіпорынның жұмысына Хасан ағасымен бірге бас-көз болып отыр.
-    Бірде қатты дауыл тұрып, бір ғимараттың шатырын жұлып әкеткенін көрдім. Талайдан көкейді мазалаған ойдың дұрыстығына көз жетті. Ініммен бірге сапалы және берік шатыр жабындысын құрастыруды егжейлі-тегжейлі зерттедік. «Даму» Қорының қолдауымен қажетті қаржы несие түрінде алынды. 2013 жылы заманауи және бірегей құрылғыларды құрастыратын қытайлық кәсіпорынмен келісімге келдік, - деп кәсіпкерліктегі жолды «Grand Development Group» ЖШС директоры Хасан Қалымбетов ой елегінен өткізді.
2015 жылы зауытта алғашқы өнім шығарылды. Табиғи черепица 130 тонна қысыммен қатты тығыздау арқылы дайындалады. Оның арқасында беріктігі, төзімділігі мен сапасы арта түседі. Сәйкесінше оған 35 жылға кепілдік беріледі. Өндіріс барысындағы жұмыстардың 60% автоматтандырылған.
-    Өнімнің патенті бар. «Экотайл» деген сауда белгісімен ұсынылады. Зауыттың жобалық қуаттылығы айына 10 мың шаршы метрді құрайды. Бүгінде оның 40 пайызы бағындырылды. Биылғы жылы ісіміз оңға басты. Жаңа өніммен бірден нарықты жаулап алу оңай емес. Күмәнмен қарайтындар басым. Десек те бүгінде тұрақты тапсырыс берушілер бар. Құрылыс саласындағы ірі кәсіпорындармен байланыс орнатылған. Корпоративті клиенттеріміздің бірі – түрік компаниясы. Бұл жетістіктерге бірден жеткен жоқпыз. Бастапқыда қателіктерге жол беріліп, қиындықтар туындады. Мәселен, құрал-жабдықтар істен шықты, барлық шығындар ескерілмеді. Олардың барлығын еңсеріп, өзіміз де өндірістің ерекшелігін жете меңгердік. «Көш жүре түзелер» деп бекер айтылмаған, - дейді жас кәсіпкер.
Өндіріс барысында кәдеге жаратылатын шикізаттың 85% – отандық. Өзгесі Финляндиядан жеткізіледі. Сондықтан отандық зауыттың жұмысына валютаның құбылуы ықпал етпейді.


Назад