Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Табыстың басты кілті – шыдамдылық пен сабырлық


«Даму» қорының бағдарламалары кәсіпті кеңейтуге жол ашады. Оның арқасында еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа жұмыс орындары ашылды. Талай отандасымыздың көкейіндегі арманына жан бітіп, өмірге жолдама алды. Олардың арасында нәзік жандар да аз емес. Оның бір айғағы – «Бизнестегі нәзік жандар» бағдарламасы.  
«Ерінбей еңбек етсең, ерінің асқа тиеді». Аталы сөздің өміршеңдігіне тараздық нәзік жан көз жеткізді. Табысты отбасылық кәсіптің тізгінін Гүлмира Ерзахова ұстаған. Түркістан қаласының тұрғыны 25 жылдан бері көлік тасымалы және сауда-саттық арқылы нәпақа тауып отыр. Маңдай тері ақталды. Қолға алған кәсібінің аясы кеңейген. Бүгінде Түркістан-Ақтөбе-Түркістан бағытында жүк көліктері күнде қатынайды. Тапсырысқа сәйкес тиелген тауарлар діттелген жеріне жеткізіледі. Көбіне халық тұтынатын азық-түлік өнімдері, киім-кешек тасымалданады.
-    5-6 жылдан бері шағын несие арқылы кәсібімді дөңгелетіп отырмын. 3 мәрте 16 миллион теңге көлемінде қаржы алдым. Бүгінде 20-25 адамды жұмыспен қамтып отырмын. 12 жүк көлігіміз бар. Олардың әрқайсысында екі жүргізуші болады. Күнде бір тіркемесі бар КамАЗ жолға шығады. Олар Ақтөбе және Шымкент бағытында қатынайды. Тасымалдау бағасы қолжетімді. Сондықтан тауарын жеткізіп беруді сұрайтындар көп. Бүгінде тұрақты клиенттеріміз бар. Ақтөбеде үлкен балам мен келінім тұрады. Олар тапсырыстарды жергілікті тұрғындарға жеткізіп, ақшасын жинап алады. Сол жақтан клиенттермен сөйлесіп,  тапсырыстарды тиеп беруге көмектеседі, - деп кәсібінің тынысын Гүлмира Ерзахова сараптады.
Еңбекқор нәзік жан қолда барды ұқсату қажеттігіне сенімді. Ол жүк көліктерінің бөлшектерін базарда сатады. Қажетті құрал-саймандар  Татарстандағы көлік зауытынан жеткізіледі.
-    Үлкен ұлым Набережный Челны қаласына барып, қажетті құрал-жабдықтарды таңдап әкеледі. Ал оны өткізумен мен айналысамын.  Тауар бір күнде өтпесе, оған налудың қажеті жоқ. Сабырлық танытсаң, сауда сөресіндегі өнімдер сатылады. Мәселен, үйді бір апта ішінде салу мүмкін емес. Сол секілді сауда да біртіндеп асығың алшысынан түседі. Бүгінде 25 жылдық бейнетіміздің зейнетін татып отырмыз. Күні-түні дамыл таппай, ұйқыдан қалып, еңбек еттік. Бастапқыда жолдасым жүк көлігіне отырып, екі қала арасында қатынады. Кейін сұраныс артып, кәсібімізді кеңейтуді шештік. Балам 1 жасқа толғанда осы кәсіпті қолға алдық. Енді ол бүгінде 25-ке толып, маған қолқанат болып отыр. Мен балаларымды еңбексүйгіштікке тәрбиелеймін, - деп сыр шертті нәзік жан.
Табыстың басты кілті – шыдамдылық пен сабырлық. Жетістікке және қомақты табысқа бірден қол жеткізу – екіталай. Ол үшін қам-қарекет жасап, тынымсыз еңбек ету қажет.



Назад