Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Төзімділік пен талпыныс табысқа жетелейді


Гүлдар Хаджиеваның өмірлік ұстанымына көпшілік бой түзейді. Жамбыл облысының тұрғыны кәсіптің тасын өрге домалатудың тың жолдарын зерделеуден талмайды. 17 жылдан бері сауда-саттық арқылы күнделікті нәпақасын табуда. Әуелі ызғарлы желге, аптап ыстыққа қарамастан, базарды жағалауға тура келген. «Көз - қорқақ, қол - батыр» демекші, бастапқыда туындаған қиындықтарға мойымай, жеңе білді. Сауда сөресіндегі киім-кешек көпшіліктің көңілінен шығып, оған сұраныс арта түсті. Нәзік жанның жоғары талғам мен таным арқасында кәсіптің аясын кеңейтті. Бүгінде оның қос сауда нүктесі бар. Әзірге орынды жалға алады.
- Мемлекеттік қолдау – кәсіпкерлерге ұсынылған үлкен мүмкіндік. «Даму» қорының көмегіне биылғы көктемде жүгіндім. Оның ұсынған бағдарламасы арқылы 400  мың теңге көлемінде несие рәсімделді. Оның көмегі мен үшін елеулі. Киім сатуда жылына екі мәрте маусымаралық кезең орын алады. Қазір  олардың бірі байқалып отыр. Көктемнен калған тауар аз. Енді оның жаңа легін жеткізу қажет. Бірақ көбіне қаржыдан қысыламыз. Сондықтан несиеге жүгінеміз. Оның арқасында қалған тауарды сөреге жайғастырып, жаңа сән үлгілерін тұтынушыларға ұсынамыз. Оның ішінде қысқы аяқ киімдер, кеудешелер, жылы киімдер бар, - деп өзінің кәсібі жайлы Гүлдар Хаджиева сыр шертті.
Нәзік жан жаңа киімдер үшін Бішкекке ат арылтады.  Ерлермен қатар әйелдерге арналған тауарлар сатып алынады. Олардың үлгісі, тігісі, беріктігі қатаң «сүзгіден» өткізіледі. Жеткізілген тауардың бағасына қосылатын үстемеақы – 30%. Оның жергілікті тұрғындар үшін қолжетімділігіне баса назар аударылады.
- Бұрын шебер ретінде зауытта еңбек еттім. Кейін бала күтіміне байланысты демалысқа шығып, қысқартуға ұшырадым. Екі қолға бір күрек табу жолында саудаға бет бұрдым, - деп сөзін сабақтады кәсіпкер. Әуелі үй жағдайында оны сынап көрдім. Кейін сұраныстың барына көз жеткізіп, базардан жалға орын алдым. Әу баста күннің ыстығы мен суығына қарамастан, тауарды бір нүктеде саттым. Бүгінде жасым 60-қа таяды. Қысы-жазы ашық аспан астында киім сату оңай емес. Сондықтан өз үйіме жақын жердегі дүкен көзіме ілікті. Онда екі орынды жалдадым. Маған құрбым көмектеседі.
Төзімділік пен талпыныс адамды шыңдайды. Тауар бірден сатылмайтыны көпшілікке белгілі. Кәсіпкер қалған киімдерді өз бағасымен ұсынады. Себебі кезегін ұзақ күтіп қалса, оның сәні мен мәні өтеді.
- Тауарды дұрыс ұсына білу керек. Тұтынушымен сөйлесе білу керек. Оның киімге деген қызығушылығын ояту керек. Кейбір дүкендерге кірсең, қызмет сапасының төмендігінен, ұнаған киімді алғың келмейді. Ондай сауда нүктелеріне екінші мәрте қадам баспайсың. Әйелдердің киімі ерлердікіне қарағанда тез сатылады. Себебі нәзік жандар жақсы тауарға ақшаны аямайды.  Ал ер адамдар дүкендерді жағалаудан ат тонын ала қашады. Олар үйреншікті киімді әбден тозғанша дейін тастамайды. Бір байқағаным, олар сән үлгілеріне аса мән бермейді. Өзімнің 2 ұлым және күйеуім – сөзімнің бір айғағы. Олар бар болса киеді, жоқ болса іздемейді, - дейді Жамбыл облысының тұрғыны.




Назад