Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Қос балабақша ашқан кәсіпкер: «Қимылдасаң, қыр асасың»


Айнұр Сұлтанова өмірлік ұстанымын қаперден еш шығармайды. Еңбекқор батысқазақстандық нәзік жанның  кәсіпкерліктегі жолы саудадан басталған. Алғашқы қадамдар тыңғылықты әрі тынымсыз жұмысты талап етті. Екі баланың анасы үшін үйдегі де, түздегі де шаруаларды дөңгелету оңайға соқпаған.
-    Қам-қарекетсіз отырсаң, несібеңнен құр қаласың. Сондықтан тәуекелге бел буып, жеке кәсіппен айналысуға бел будым. Бірақ тұңғышымды кімге қалдырарымды білмей қиналдым. Амал нешік, бала күтушіге сенім арттым. Екінші нәрестемді жеке балабақшаға бердім. Оны ашқан жастармен жөн сұрасып, сол кезде «неліктен балабақша ашпасқа» деген ойға кенелдім. Өзімнің жеке қажеттілігім әлеуметтік кәсіпкерлікке жетеледі, - деп өзінің әңгімесін Айнұр Сұлтанова бастады.
Әуелі көп қабатты үйдегі пәтер балғындарды тәрбиелеу ордасына айналды. Келушілер көбейіп, сұраныс артқан. Кәсіптің тамырын дөп басқанын түсінген нәзік жан оны кеңейтуге мықтап кіріседі. Бірақ қолындағы кепілзат несие алуға қат еді. «Даму» Қоры Айнұр Сұлтановаға екі мәрте қол ұшын созып, оның қиялына қанат бітірді.
-    2016 жылы «Даму» Қорының кепілдігі арқасында екінші деңгейлі банктен 11 миллион теңге қаржы алдым. Оны қолданыстағы 30 балаға шақталған ғимаратты кеңейтуге жұмсадым. Биыл қаржы институтынан 35 миллион теңге көлемінде несие рәсімделді. Бұл соманың 50%-на «Даму» қоры кепілдік берді. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеменің тек 6% ғана мен төлеймін. Қалған бөлігін Қор өз мойнына алды. Меніңше, бұл кәсіпкерлер үшін елеулі әрі маңызды қолдау. Оның арқасында ойымызға жан бітіп, күнделікті нәпақамызды табамыз, - деп өзінің кәсібі жайлы батысқазақстандық нәзік жан бөлісті.  
Бүгінде Айнұр Сұлтанова қос балабақшаға бас-көз болып отыр. Бірі облыс орталығы Орал қаласында, екіншісі Трекин ауылында орналасқан. Екі балабақшада 7 топ бар. Онда 140 жуық бала тәлім-тәрбие алады. Бүлдіршіндер бір жастан бастап қабылданады. Оларға білікті 30-ға жуық маман қызмет көрсетеді.  
-    Балабақшада бүлдіршіндермен қатар қызметкерлер үшін ыңғайлы жағдайдың әрі қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз етуге назар аударамын. Жергілікті білім беру бөлімі тарапынан жұмысымыз еленді. Біздің балабашқамызда қалалық деңгейде шеберлік сыныбы және семинар өткізілді. Ал тамыз кеңесінде біздің әдістемеші білім саласының мамандарымен жұмысымызбен бөлісті. Өз-өзіңе деген сенімділік пен қиындыққа мойымау табысқа жетелейтініне көз жеткіздім. Тек бастапқыда күні-түні дамылсыз еңбек етуге тура келеді. Сонда ғана оның жемісін көресің, - деп табыстың кілтімен нәзік жанды кәсіпкер бөлісті.  
Енді нәзік жан үшінші балабақша ашуды жоспарлап отыр. Ол мұнымен шектелмек емес. Балабақшаның жұмысын оң жолға қойған Айнұр енді мейрамхана ісінде де бағын сынауға бел буды.


Назад