Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

24 жастағы кәсіпкер: «Табысқа жетудің екі кілті бар»


Кәсіпкерлікке қазақстандық жастар тарапынан бетбұрыс үлкен. Өз ісін ашуға ниет білдіргендердің қатары қалың. Олар табысты кәсіптің иесі атанып, жерлестеріне жұмыс орындарын ұсынуда. Таудай талабымен және ынта-жігерімен нәзік жандар да тәнті етеді.  
«Іздеген мұратына жетеді» деген аталы сөз тектен-текке айтылмайды. Оның бір айғағы – Айша Тоқажанова.
-    «Даму» Қоры кәсіпкерлікке жолымды ашты. 2016 жылы «Бизнес-кеңесші» бағдарламасына қатыстым. Кәсіпкерліктің негіздері жан-жақты түсіндірілді. Мен үшін таңсық Swot-талдау жүргізуді үйрендім. Тегін семинар-тренингтерде көпшілік алдында қалай сөйлеу, жобаны қалай қағазға түсіру және таныстыру қажеттігін жете меңгердім. Оның көмегі мен үшін елеулі болды.   Себебі сол кезде StartUp-магистратураға құжаттарымды тапсырдым. Онда 2 кезеңдік байқау өтті. Біріншісінде ағылшын тілінің деңгейі тексерілді. Екінші сынақта дәстүрлі емтиханнан гөрі бизнес-жоспарыңды немесе қолға алған жобаны таныстыру қажет болды. Бағым жанып, маркетинг мамандығы бойынша тегін гранттың иегері атандым. Магистратурада білімімді шыңдауға кірістім, - дейді кешегі күндерді ой елегінен өткізген Айша.
24 жастағы нәзік жан Алматы қаласындағы ағылшын тілін оқыту орталығына бас-көз болып отыр. Бүгінде оған 40-тан астам алматылық жүгінеді. Оларға білікті 5 ұстаз ағылшын тілін оқытады. Сабақтар онлайн тәртіпте де өткізіледі. Нарықтағы бәсекелестік өте жоғары. Десек те орталық 1,5 жылдың ішінде көпшіліктің сенімінен шыға білді. Айша қолданыстағы ғимарат таршылық еткендіктен, кең  кеңсені жалдауды ұйғарған. Оның құны жас кәсіпкердің қалтасын қағады. Енді нәзік жан қажетті нысанды сатып алуды немесе салуды жоспарлап отыр.
-    Бірінші мамандығым – шетел филологиясы. Бірақ талай жыл бойы дизайнер-көркемдеуші ретінде еңбек еттім. Тұрмыс құрып, жолдасым «неліктен мамандығың бойынша қызмет етпейсің» деп сұрады. Оның сөзіне құлақ асып, мектепке орналасуды ұйғардым. Бірақ көп ұзамай, өз ісімді ашу қажеттігін түсіндім. Бастапқыда үйде жеке репетиторлықпен айналыстым. Кейін Алматы қаласында ағылшын тілін оқытатын орталық ашылды. Жұмысымыз алға басты. Сұраныс көп. Тек халықаралық компанияда ғана емес, жергілікті кәсіпорындарға да ағылшын тілін білетін мамандар жоғары бағаланады. Бірақ кеңсені жалдау құны қымбат. Сондықтан өз ғимаратымызды салу немесе оны сатып алу мүмкіндігін ойластырудамыз. «Даму» Қорының Алматыдағы филиалына барып, кеңес алу жоспарда бар. Тәуекелге бел бумасаң, сан соғып қалуың мүмкін, - деп өзінің ойымен «ENGLISH KZ» ЖК жетекшісі бөлісті.
Нәзік табысқа жетудің 2 сырымен бөлісті. Біріншіден, кәсіп ашуға бекінсеңіз, әуелі сол салада жұмыс істеп, оның бүге-шігесін меңгерген жөн. Басқа адамдардың тәжірибесін қарап, олардың жұмыс әдісін зерделеген жөн. Екіншіден, кәсіпке жұмсалатын инвестиция барынша төмен болғаны дұрыс. Себебі қомақты қаржы жұмсап, аузыңыз күйіп, тақырға отыруыңыз ықтимал.
-    Мәселен, кейде киім дүкенін ашу оңай көрінуі мүмкін. Бірақ оның тәуекелдері көп. Егер оны білмесеңіз, табысқа жетуіңіз екіталай. Сондықтан оны мүмкіндігінше тексеріп көріңіз. Үйде сату арқылы, нарықтың қажеттілігі мен сұраныс зерделеуге болады, - дейді ол.


Назад